КНЯЗЬ МИРЗОЕВ: ЖАСТАР ҒЫЛЫМДА ӨРЛЕУДІҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

Новости

Сұхбат мәтіні assembly.kz сайтынан алынды.

Князь Ибрагимұлы Мирзоев – Қазақ ұлттық педагогика университетінің шығыс филологиясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик. Республикалық «Барбанг» күрдтер қауымдастығының президенті.

Сонымен қатар К.Мирзоевтың қаламынан ондаған еңбек туған, оның ішінде: «Әзірбайжан-күрд тарихындағы әдебиет байланысы» (1975), «Ұлттық әдебиет және әдеби өзара байланыстар» (1985), «Әдебиет көкжиегі» (1986), «Достық көпірі» (1989), «Низами және Шығыс халықтарының әдебиеті» (1995), «Әдебиетаралық байланыс пен сабақтастық мәселелері» (1995), «Абай поэзиясы: жүрегіңе үңіл…» (1995), «Күрд әдебиетінің тарихи тағдыры» (1996), «Күрдтер. Кіші энциклопедия» (2001) кітаптарының авторы.

— Князь Ибрагимұлы, күрд мәдени орталығы 29 жыл бұрын құрылған екен. Тарихын айта отырсаңыз.

— Күрд этномәдени бірлестігі алғаш рет Кеңес одағы кезінде құрылған еді. Ол кезде КСРО күрдінің бүкілодақтық қауымдастығы «Якбун» деп аталды. Кейін Қазақстан тәуелсіздік алған соң, «Якбун» күрдтер қауымдастығы болып (бірлік деген мағынаны білдіреді, ред. ескертуі) 1993 жылы ресми түрде қайта тіркелді.

Алайда, 1999 жылы түсінікті болсын деп, «Барбанг» Қазақстан күрдтерінің қауымдастығы деп ауыстыруға шешім қабылдадық. Бұлай атауымыздың да  өз себебі бар.

«Барбанг» – таңсәрі деп аударылады. Таңсәрі – көкжиектен күн шуағын төгіп, табиғатқа жан бітіп, адамдар ұйқыдан оянатын уақыт. Біздің халқымыздың тарихы мен қазіргі өмірі де таңсәрі секілді. Қазіргі уақытта ұлтымыз қайта жаңғыруды бастан өткеріп жатыр. Ғылым, мәдениет өркен жайып, қазақстандық күрдтердің іскерлік және әлеуметтік белсенділігі артып келеді.

Қауымдастықтың мүшелегінде республикалық қауымдастықтың филиалдары құқығында жұмыс істейтін тоғыз облыстық және үш қалалық республикалық ұйым бар. Ал олар өз кезегінде біздің этностың әрбір мүшесін қоғамдық жұмысқа тартуға тырысады. Сондықтан біз «Барбангқа» елде тұратын барлық жүз мың күрд кіреді деп сеніммен айта аламыз.

Қауымдастықтың бірінші жетекшісі жергілікті кәсіпкер Азиз Алиев болды. Ол экономист, тарихшы, жазушы және саясаттанушы еді. Оның тұла бойындағы негізгі қабілеттері Қазақстан тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін ашыла бастады. А. Алиев Қазақстан күрдтер қауымдастығы президентінің бас кеңесшісі.

Ол өз уақытында «Қазақстан күрдтері» және «Қызыл Күрдістан» кітаптарын жазып шықты.

1923 жылы Қазан төңкерісі идеяларының ықпалымен Әзірбайжан аумағында күрдістан уезі пайда болған еді. Өкінішке орай, ұзаққа созылмады.

Осы орайда қауымдастықтың беделді мүшесі, өз халқының лайықты өкілі Ширин Мұстафаев туралы да айта кетсем. Біздің қауымдастық құрылған алғашқы күннен бастап аз қамтылған отбасылар мен жетім балаларға демеушілік көмек көрсетіп, барлық мәдени бастамаларға меценат ретінде қатысып жүр.

— Қауымдастық ұлттық мемлекеттік музейде күрд халқына арналған экспозицияны қайта жандандырғаны белгілі. 

— Иә, бұл ең алдымен қоғамның үлкен мүдделеріне байланысты. Көптеген қазақстандықтар күрдтерге қызығушылық таныта бастады, әсіресе Қазақстанның күрд этностары – өзекті тақырып. Осыған байланысты экспозицияны жаңартып, оған екінші тыныс беру керек деп шештік.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінің екінші қабатында орналасқан «Этностар мәдениеті» залында күрд ұлтының тарихынан, мәдениетінен, тұрмысынан хабардар ететін көп дүниелер жинақталған.

— Педагогикалық еңбек жолы мен жетістіктеріңіз жайлы айта кетсеңіз.

1990 жылға дейін мен Ереванда тұрған едім. Әзірбайжан, армян тілдерінде Хачатур Абовян атындағы университетте дәріс оқыдым. Х. Абовян – армян әдебиетінің негізін қалаушы, танымал жазушы және ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген ағартушы.

Соңғы жылдары шығыс тілдері және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істедім. Алайда Таулы Қарабақ айналасында армян-әзірбайжан қақтығысы басталды да, отбасымызбен Алматыға көшуді ұйғардық.

Мұнда келгенде Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында қазақ әдебиеті кафедрасында жұмыс істей бастадым. Бүгінгі таңда ширек ғасырға жуық шығыс филология және аударма кафедрасының меңгерушісімін.

Орыс, түрік, әзірбайжан, армян, қазақ тілдерін еркін меңгергенмін. Парсы тілінде түсінісе аламын.

Осы орайда айта кететін бір жайт – Алматы қаласындағы Достық үйінде күрд тілін үйрететін жексенбілік мектеп бар. Сонымен қатар күрд тілі әр елді мекенде шоғырланған күрдтердің мектептерінде факультатив ретінде оқытылады.

— Сіздің жетекшілігіңізбен бір топ жас ғалымдар жұмыс істейді. Бірінші кезекте оларды қандай дағдыларға үйретесіз?

— Қазіргі уақыттағы әр оқушы білуге тиіс негізгі дағды – оқи білуді меңгеру. Заманауи технологиялар әлемді көзді ашып-жұмғанша адам танымастай етіп өзгертіп жібереді. Бүгінгі күні қандай да бір фактілерді тікелей үйретудің орнына оларды қайда және қалай тез алуға болатынын білу анағұрлым маңызды.

Жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге ерекше назар аударамын, өйткені мемлекет — бұл тірек, ал жастар, әсіресе ғылымда өрлеудің қозғаушы күші болып табылады. Тиісінше маңызды кеңестер беруге тырысамын және әрдайым жастарға тек оқытушы болғаннан гөрі ақылшы дос болуға тырысамын.

Менің басшылығыммен он бес адам докторлық, кандидаттық, сондай-ақ PhD докторы диссертацияларын ойдағыдай қорғап шықты.

— Қазақ және күрд халқының әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерінде ұқсас тұстары қандай?

Дәстүрлі әдет-ғұрыптардың негізгі бөлігі өте ұқсас, әсіресе діни сипатқа ие тұстары. Өйткені күрдтер мен қазақтар бірінші кезекте ислам дініндегі бауырлас ұлттар екенін естен шығармау қажет. Бұл сегментте бізді үйлену тойы және жерлеу дәстүрі, сондай-ақ бала туумен байланысты бірқатар салт-дәстүрлер біріктіреді.

Айта кету керек, парсы және түркі халықтарының көптеген ұқсас мерекелері бар. Соның бірегейі – Наурыз. Бірақ ең жақын тұсы – ұлттық тағамдар. Тек атаулары әртүрлі. Оның үстіне екі ұлтта да ет тағамдары көп.

Мұны күрдтер қазақтар сияқты көшпелі өмір салтымен байланыстырады.

— Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық этностарды бір шаңырақтың астына жинап отыр. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісінің арқасында Қазақстан халқы бейбітшілік пен келісімде өмір сүруде. Сіз достық үлгісі туралы қандай анықтама берер едіңіз?

— Тәуелсіздік жылдарында жаңа тыныс алған Қазақстан халқының достығының тамыры тереңге бойлайды. Бірнеше ұрпақтың Отанына айналған Қазақстанда тұрып жатқан күрд этносының тарихы соның тамаша үлгісі іспеттес.

Тарихи оқиғаларға байланысты өшпес із қалдырған, өзінің ұлттық мемлекеттілігі жоқ, Сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған халық Қазақстан Конституциямен еліміздің барлық азаматтарына кепілдік берілген Отанға, құқығы мен бостандығына ие болды. Ұлы Даланың қонақжай иелері – қазақтар қоныс аударып келген халықтармен соңғы нанына дейін бөлісті. Ең бастысы – олар өздерінің жан жылуымен тартты.

Ұзақ және қиын күндермен, фашистік басқыншылармен ортақ күреспен, Жеңіс игілігі үшін тылдағы еңбекпен, соғыстан кейінгі құрылыс пен тың жерлерді көтеруде кенттер мен қалаларды тұрғызуда ортақ қайғы мен қуанышпен достық, бірлік пен келісім орнады. Ал барлық этностар Тәуелсіздік жылдарында көрген еркіндік, әділдік және төзімділік бізді біртұтас халық етіп, одан әрі біріктірді.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда бүкіл әлемде танылған этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісі қалыптасты. Мемлекет әрбір қазақстандық этностың өзіндік ерекшелігін, тілі мен мәдениетін қалпына келтіруге және сақтауға жәрдемдесуде.

Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы мәдениетаралық және этносаралық диалогтың бірегей тетігіне, халық дипломатиясының, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылының пәрменді құралына айналды. Осы іс-шаралардың арқасында Қазақстанда барлық этностар арасындағы сенім мен толеранттылықтың, ынтымақтастық пен өзара түсіністіктің ерекше моделі қалыптасты.

—Шығыс филологиясы және аударма кафедрасының қызметі туралы айтып берсеңіз.

Тәуелсіз Қазақстан – Орталық Азиядағы өзінің бірегей тарихы бар, аймақтық көшбасшы ретінде әлемнің басқа елдерімен жемісті ынтымақтастық орнатқан ірі мемлекет. Қазіргі кезеңде қазақ халқының тарихын зерттеу үшін Еуропа және Шығыс тілдерін еркін меңгерген, сол елдердің тарихы, экономикасы мен мәдениеті терең меңгерген мамандарға сұраныс артып отыр.

Қажеттіліктің нәтижесінде біздің университетте республикада алғаш рет әлемдік тілдер орталығы құрылды, ол интеграцияланған білім беру бағдарламаларын дайындау, жаңа буын оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдарын басып шығару, сондай-ақ оқу-әдістемелік, ғылыми және анықтамалық әдебиеттің электрондық базасын құру, көптілділік қағидаттарын ескере отырып, оқу үдерісінде инновациялық технологияларды енгізу бойынша үлкен жұмыс жасады. Қазіргі кезде Әлем тілдері орталығы базасында көптілді білім беру институты жұмыс істейді. Онда үш тілге ерекше көңіл бөлінеді. Ағылшын тілі мен Шығыс халықтарының тілдерін тереңдетіп оқытылады.

Шығыс халықтарының тарихы мен мәдениеті бойынша жиырма екі кітап пен монография жаздым, 600-ден астам ғылыми мақалаларым жарық көрді.

— Сіз Қазақстан күрдтерінің «Барбанг» қауымдастығының Berbang-nur.kz жаңалықтар сайтының құрылтайшысыз. Сайтта оқырмандарды көбіне не қызықтырады?

— Уақыт талабына сай, өкінішке орай, қағаз баспа басылымдары бұрынғыдай сұранысқа ие емес. Ақпаратты тез алу үшін арнайы порталдар қажет. Біз мұндай үрдісті шет қалмай, сайтымызды іске қостық.

Ол ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Жақында ауқымды өзгерістер жасалды, сайт дизайнын тартымды және қолжетімді еттік.

Қазақстанның күрд этносына байланысты ақпараттың үлкен көлемін жариялаймыз және оқырмандардың үлкен аудиториясын тартуға тырысамыз. Бұл үшін фейсбук әлеуметтік желісінде парақшамыз, ал жастар комитетінің инстаграмда аккаунты бар. Осылайша біз ақпаратты жеткізіп қана қоймай, халықпен кері байланыс орнатуға әзір екендігімізді танытып отырмыз.

Әлеуметтік желілер адамдардың жас ерекшелігін және әлеуметтік топтарын қамтуға көмектеседі. Менің ойымша, болашақ технологиялардан қалыс қалмауға тырысамыз.

— Өзіңіз, отбасыңыз жайлы айтып берсеңіз?

— Менің әкем Ибрагим және анам Бала-ханым Күрдістаннан болады. Олар 1926 жылы КСРО-ға көшіп келеді. 1937 жылы отбасымызбен, туғандарымызбен Орта Азияға жер ауыстырдық. Біздің отбасымыз Қырғызстанға, Қызыл-Қия ауылына қоныстанды. Соғыс басталған кезде бізді елге қайтарған екен.

Мен 1947 жылдың 1 мамырында тудым. Менің жеті ағам мен екі әпкем бар. Жұбайым Гогарчин күрд отбасында Арарат ауданында туған. Мамандығы – мұғалім. Екі қызым мен үш ұлым бар. Бәрі жоғары білімді. Тихмина деген қызым – дәрігер, медицина ғылымының кандидаты. Мәдина – халықаралық заңгер. Везир деген ұлым қалалық прокуратурада жұмыс істейді, заң ғылымының кандидаты. Назир бизнеспен айналысады. Кенже ұлым Саладдин халықаралық ірі фирмада заңгер болып жұмыс жасайды.

 — Биыл сіз күрд тілінде жазылған «Күрдтер. Тарих және қазіргі заман» кітабын аяқтапсыз. Оның мазмұны туралы айтсаңыз. Оқырмандар жақын арада басқа да тілдерде жазылған еңбектеріңізбен таныса ала ма?

Бұл зерттеу – көп жылғ байыпты еңбектің нәтижесі.

Қазір әлемде күрдтердің мәселесесі ең күрделі және шешімін таппай отырғандардың бірі. Ол БҰҰ-ның, басқа да халықаралық ұйымдардың басты назарында. Оның шешімінсіз Таяу және Орта Шығыста ғана емес, сондай-ақ басқа аймақтарда да берік әлем орнату мүмкін емес.

Монографиямен жұмыс істей отырып, түпнұсқаларға, мұрағаттық және басқа да құжаттық материалдарға сүйеніп, көп жылдар бойы шыққан мерзімді басылымдарды алты тілде зерттедім.

Бұл еңбегім Қазақстан халқы Ассамблеясына арналады. Кітабымды жазу үшін көп еңбектендім, онда менің ұлтымның Х ғасырдан бастап осы күнге дейінгі жүрген жолы сипатталады.

Белгілі шығыстанушы ғалымдарды жете талдап, іздендім.

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың баяндамасындағы еңбектер, Жолдаулар, мақалалар мен үшін әдіснамалық бағыт болды. Ішкі, сыртқы саясат, ұлтаралық қатынастар және қоғамдық келісім мәселелері бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының сессияларына қатысты мақалалар да тыс қалмады. Осының барлығы монографияны жоғары кәсіби деңгейде жазуға мүмкіндік берді. Ол ғылыми жаңалығымен, ойлау ауқымымен, тарихи-мәдени құбылыстарды талдаудағы заманауи өлшемшарттарымен ерекшеленді.

Күрдтердің пайда болуының тарихи және лингвистикалық теориялары, қазіргі кездегі күрд халқының саяси тарихы мен тағдыры, сондай-ақ жақын және алыс шетелдердегі күрд этностарының тіршілік әрекеті терең ғылыми тұрғыдан қарастырылады.

Кітапта күрд жазушылары мен ақындарының шығармашылығына, күрд әдебиетінің Еуразия аймағы халықтарының рухани мұрасымен сабақтастығына ерекше көңіл бөлінген. Нақты мысалдарда орыс, армян, әзірбайжан, грузин, қазақ және күрд әдебиеттерінің дамуы арасында параллельдер жүргізіледі.

Екі томдық «Күрдтер. Тарих және қазіргі заман» – көптеген мәселелерді қарастыру және терең талдау бойынша энциклопедиялық сипатқа ие маңызды ғылыми еңбек. Кітап саясаткерлер, халықаралық қатынастар, геосаясат, саясаттану, тарих, әлеуметтану мамандары, филолог-шығыстанушылар, әдебиеттанушылар, мәдениеттанушылар, лингвистер, ғалымдар, сондай-ақ магистранттар мен студенттерге арналған.

Қазіргі уақытта кітап орыс, күрд, түрік тілдерінде жарық көрді. Енді оны ағылшын және араб тілдеріне аудару жұмыстарын қолға алдық. Еңбегім әртүрлі оқырмандар арасында үлкен сұранысқа ие, сондықтан тақырыпты одан әрі дамытқым келеді. Ондағы мақсатым – шетелдік басылымдарда Қазақстандағы жаңғыру үдерістерін және біздің тарихи-мәдени ерекшеліктерімізге арналған тақырыпты өрбітіп, оны танымал ету.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *